Алакөл жастары боксшы Қанат Исламмен кездесті

28 12.10.2017

Сәрсенбінің сәтінде «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен Спорт сарайында орташа жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі, әуесқой бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, жерлесіміз Қанат Исламмен кездесу өтті.

«Елімнің көк туын желбіретуден артық бақыт жоқ» деп, ұлт мүддесіне қызмет етуді, халық үшін жұмыс істеуді, елімен бірге марқайып жүруді өмірлік ұстанымына айналдырған Қанатпен жүздесуге қала мектептерінің оқушылары, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен оғландар жиналды. Бәрі қос жанарын, бар көңілін ол кіріп келетін есікке аударып, тағатсыздана күтті. Межелі уақыт жеткенде аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың зор ықыласымен қазақтың батыры төбе көрсетті. Көпшілік Құрманғазының кең даланы, еркіндікті, азаттықты бейнелейтін «Сарыарқа» күйінің аясында құрметті меймандарды ду қол шапалақпен, арқаны қоздырған айғаймен қарсы алды. Екіге жарыла сап түзеген жас спортшылар Қанат ағасының қолын ұстап қалу ойларын жүзеге асырып, қошеметпен төрге шығарды.

Салтанатты жиын ел Гимнімен шымылдығын айқара ашты. Өңір басшысы Әлібек Жақанбаев Қанат Исламның қазағымызды, қасиетті мекеніміз Қазақстанымызды әлемге танытып жүрген ерен еңбегін жоғары бағалап, «ЕХРО-2017» халықаралық көрме аясында өткен жекпе-жегінің ел мерейін асырғандығын айтып, алда әлі де көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды асқақтата беруіне тілектестігін білдіріп, аудандағы 15 депутаттың ұсынысымен берілген «Алакөл ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

Спорт шеберлігіне үміткер, республикалық турнирлердің жеңімпазы, Үшарал №1 орта мектебінің шәкірті Ернұр Айдынов өзінің және өңіріміздегі спортпен айналысып жүрген өрендердің атынан қазақтың мақтанышы Қанат Исламның жолын жалғастыратындықтарын айтып, «Алға Қанат. Алға қазақ. Алға қазақ жастары» деп ұрандап, өзінің былғары қолғабына қолтаңбасын қойып беруін сұрады. Сөз алған Қанат Ислам жерлестерінің шынайы пейіліне ризашылығын білдіріп, әрдайым халқының артқан сенімінен шығатындығына уәде берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Байбазаров ақ батасын берді. Бұдан кейін, аудандық жастар ресурстық орталығының «LEADERSHIP» жобасы аясында «QAZAQ» деген лақап атпен танымал кездесу қонағы бокспен айналысып жүрген спортшылармен арнайы кездесіп, өмірлік ұстаным, мақсат, намыс аясында ақыл-кеңесін беріп, естелік суретке түсті.

Жылы жүздесу ел болашағы жастармен жалғасын тапты. Ол бала Қанаттың азамат, ер Қанат болғанға дейінгі аралықтағы жүріп өткен жолы жайлы сырын ақтарды. Жеткіншектер өздеріне «пір тұтқан» қазақтың батыры жайлы біліп қалуға тырысып, жан-жақтан сұрақтар қойды.

Балаларға мейіріммен қарап, әр жауаптың соңын ұл-қыздарды елжандылыққа, намысты болуға, ел мүддесі үшін қызмет етуге үндейтін сөздермен айшықтап, Тәуелсіздікті тұғырында мәңгілік, бекем сақтау қажеттігін, қазақтың осы бір баға жетпес құндылық арқылы тарих сахнасында ұлт ретінде жарқырайтындығын жеткізді. Мінезінен қазақы кеңдік, болмысынан қазақы қайсарлық аңқып тұрған Қанат: «Марқұм бапкерім спортқа келген екі ақылды баланың жоқ дегенде біреуін чемпион жасауға болады. Ал адам ету қиынырақ дейтін еді. Сендер де бірінші кезекте чемпион емес, адам болуды мақсат тұтыңдар. Қайсарлық керек десеңдер батырлар жырын оқыңдар. Көпшілік алдында екі сөздің басын қосып сөйлей алмай тұру деген ұят нәрсе, сондықтан көп оқыңдар. Спортта жүрген балалар оқуды да қатар, теңдей алып жүріңдер» деп жас өрендерге адам болып жүру, азамат, ер ретінде қалу қажеттігін қадап айтты.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел-тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Құлагер ақын ілияс Жансүгіров жырлағандай, елі еріне құрмет көрсетті. Осы кездесу әсерінің әр баланың санасына нұр құйғаны хақ. Олар да қазақтың Қанатындай болуды армандап, алдарына бір-бір мақсат қойып, жүрегі қуанышқа толып, көрген – білгендерін сыныптастарына, отбасындағы жақындарына айту үшін асыға басып барады. Жолдарың ақ, ойларың пәк болсын, өрендер. Ал Қанат Ислам бейбіт аспан аясында көк туымызды желберете, әнұранымызды асқақтата берсін!

DSC_0067.JPG

DSC_0149.JPG

DSC_0056.JPG