Елімізде «Еріктілер мектебі» жобасы аясында көмек көрсетілуде

3 ақпан 2017 , 12:45 · 725 қараулар

2 ақпан күні еліміздің барлық аймақтарында «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Еріктілер мектебі» жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және жалғыз тұратын зейнеткерлерге атаулы көмек көрсетілді.  

Батыс Қазақстан облысында 150 жас ерікті 50-ден астам қариялардың  аулаларын қардан тазартып, үй шаруашылығына көмектесіп, біршама қыстық отындарын дайындап берді.

Аталмыш шара Шығыс Қазақстан облысында да жалғасын тапты. «Жас Отан» ЖҚ Өскемен қалалық бөлімшесінің белсенділері еңбек ардагері Александра Глазковаға көмек көрсетумен қатар, өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолындағы қызықты әңгімелерін тыңдап қайтты. 

Ал, Жамбыл облысының жастары жоба аясында жалғыз басты Үмітжан анамызға көмек көрсетті. Ардагерлерді ардақ тұтатын жасотандықтар анамыздың үйінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, үй ішіндегі тұрмыстық жағдайына қол ұшын созды. Сондай-ақ, Петропавл қаласының жасотандықтары 7 ардагерге барып, үй шаруасына көмек берді.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың 13 қаңтарда өткен бірыңғай көмек көрсету күні 2017 жылдың тыл және соғыс ардагерлеріне көмек көрсету науқанының бастамасы болған еді. Сол күннің өзінде 50 қарияға атаулы көмек көрсетілген болады.

«Жас Отан» ЖҚ Қарағанды облыстық филиалының еріктілері тыл ардагері Анна Габайдуллинаға барып, үй жұмысына көмек берді. Кездесу барысында Анна Нуриевнаға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы жазылған қысқа ақпараттық анықтамалық берді.

Кездесулер барысында жасотандықтар ардагерлер, тыл еңбеккерлері мен жалғыз тұратын зейнеткерлерге ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

« Кері қайту