Қостанай жастары қарттарға көмек көрсетуде

3 ақпан 2017 , 15:44 · 610 қараулар

«Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы жастардың бойында қалыптасқан негізгі қағидалардың бірі болып келеді.

«Жас Отан» жастар қанатының «Ардагерлерді ардақтайық!» атты жобасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің жастары аға ұрпақ өкілдеріне лайықты құрмет көрсету жұмыстарын атқарып келеді.

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – жыл санап қатары күзгі жапырақтай сиреп бара жатқан ардагерлерге қамқорлық жасау. Олардың арасында кешегі қанды соғысты бастан кешкен соғыс ардагерлері мен мүгедектер де бар. Жалғызбасты ғұмыр кешіп жатқан кісілерге де ерекше назар аударып, олардың тұрмыс жағдайларына айрықша көңіл бөлінуде.

Мәселен, шара аясында «Нұр Отан» партиясы Аркалық қалалық филиалының ұйымдастыруымен партия мүшелері мен жасотандықтар Дачный ауылының тұрғыны, тыл ардагері Сайма Янгирова үйіне арнайы барып, көмек көрсетті. Ауласын қыс кезінде үйіліп қалған қардан тазартып, үй шаруасына көмектесті.

Атқарылып жатқан жұмыстардың жастарға берер тағылымы мол. Олар өмірдің талай асуларынан өткен ардақты ақсақалдарымыз бен апаларымызға көмек бере отырып, үлкенді сыйлау секілді асыл қасиеттерді бойларына сіңіреді.      

«Ардагерлерге құрмет көрсете отырып, жастарды отансүйгіштікке баулу – «Нұр Отан» партиясының алдына қойған бағыттарының бірі»,- дейді «Нұр Отан» партиясы Аркалық қалалық филиалының кеңесшісі Берік Дәулеткерейұлы.

Шара аясында жастар ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ Рудный қаласы мен Алтынсарин ауданының партия мүшелері ардагерлерге қолұшын беріп, ризашылықтарына бөленді.

« Кері қайту