«Кеңес орталығы» консалтинг орталықтарында депутаттар Елбасы Жолдауына түсіндірме берді

10 ақпан 2017 , 14:54 · 336 қараулар

Жастар жоғары дәрежеде белсенді, алайда мемлекеттік бағдарламалар жайлы аз хабардар болғандықтан, өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болмай отыр. Осыған орай, «Жас Отан» ЖҚ «Кеңес орталығының» қызметі аясында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңыздағы қалаларда жұмыс іздеу және кәсіби бағдарлануына заң және практикалық көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ, «Кеңес орталығында» білім беруге, жұмыспен қамтуға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге, т.б. арналған мемлекеттік және өзге бағдарламалар жайлы ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Аталған жұмысты ұйымдастыру жастардың лайықты білім мен жұмысқа ие болуға деген мүмкіндіктері мен құқықтары жайлы хабардар болу деңгейін өсіруге септігін тигізеді.

Осы ретте, 2017 жылдың 9 ақпанында «Жастар – Отанға!» жобасы аясында «Жас Отан» ЖҚ «Кеңес орталығы» консалтинг орталықтарында жергілікті мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарының қатысуымен тұрғындарды қабылдау өткізді.

«Жас Отан» Жастар қанатының «Кеңес орталығы» өңірімізде табысты жұмыстар атқарып келеді.  9 ақпан күні, Қызылорда қаласы «Айт-бек» сауда үйінің екінші қабатында «Кеңес орталығы» қала тұрғындарына тегін кеңес берді.

Қызылорда облысы «Айт бек» сауда үйінде орналасқан «Кеңес орталығында» қалалық мәслихат депутаты Бихожаева Сәрсенкүл Байдешқызы  қаласының тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, кеңес берді. Қала тұрғындарының сұрақтарының басым  көпшілігі: тұрғын үй, жұмыссыздық, кәсіпкерлік, мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктері жөнінде болды. Депутат Сәрсенкүл Байдешқызы қала тұрғындарына  мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіріп,  сұрақтарына мардымды жауап беріп. Сондай-ақ, егжей-тегжейлі қарастыруды қажет ететін барлық мәселелер назарға алынғандығын жеткізді.

Атырау қаласындағы «Кеңес орталығындағы» тұрғындарды қабылдауды. қалалық мәслихат депутаты Дюсупова Гүлзинеп Сүюнғалиқызы, «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ банкінің» өкілі Абдрахманова Сандуғаш, қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі Жумағалиев Есенжол, «Жас Отан» ЖҚ Атырау облыстық филиалының Төрағасы Ғилажев Ринат жүргізді.

Қабылдау ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдау аясында ұйымдастырылды.

Шара барсында 60-ға жуық адам қатысып, оның 15-і қабылдауға тіркеліп, толық мағлұмат алды. Келушілер сұрақтар барысында Елбасының халыққа Жолдауы бойынша түсініктіме жұмыстары және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сұрақтарға жауап алды. Халықтың арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі жұмыссыздық,тұрғын үй, жер кезегі, сондай-ақ білім саласының мәселелері екендігі анықталды.

Атап өтсек, Махамбет ауданы балалар үйінің түлегі 22 жасар Мұратқалиев Азамат қабылдауға тіркелген болатын. Қазіргі таңда базардағы бейтаныс намазхан сатушы үйін паналап, көтерме жұмыспен айналысып күн көріп жүр. Себебі балалар үйінен кейін, оқуға түсуге мүмкіндігі болмаған. Оның айтуы бойынша, үй кезегінде 505-ші болып тіркеуде тұр. Отбасылық мәселесіне келетін болсақ қазіргі кезде балалар үйінде тәрбиеленіп жатырған жалғыз қарындасы бар. Гүлзинеп Сүюнғалиқызы қалалық мәслихатта осы проблеманы шешу жолдарын қарастыруға уәде беріп, жұмыспен қамту орталығының өкіліне 6 айлық қоғамдық жұмысқа орналастыруын тапсырды. Өз тарапынан «Жас Отан» ЖҚ Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Маратұлы кәсіптік-техникалық білім алатын оқу орнына орналасуға көмектесетінін айтты.

Қостанай облысының консалтинг орталығында да кез келген адам қандағы қант пен холестерин деңгейін тексеріп,  бос жұмыс орындары мен тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпарат ала алады. 9 ақпан күні Жұмыспен қамту орталығы, №1 қалалық емхана мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның қызметкерлері кеңес беру жұмыстарын жүргізді.

«Жоба 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 3,5 жылдың ішінде осы жоба аясында 6,5 мыңнан астам адамға кеңес берілді. Азаматтардың көбісі медициналық консультацияға жүгінеді. Өйткені, бізде қандағы қант пен холестерин деңгейін тексеріп, анализ тапсыруға мүмкіндігіміз, уақытымыз болмай жатады. Ал бұл жерде әрбір адам осындай анализ тапсыруға мүмкіндігі бар», - деп атап өтті «Жас Отан» облыстық филиалының төрағасы Ерлан Төлетаев.

Сонымен қатар, акцияға қатысушылар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін еңгізу бойынша қосымша ақпарат алды.

Бүгін мамандардан кеңес алу мүмкіндігімен қала тұрғыны Әйгерим Даниалова да пайдаланды.

«Бәрі бір жерде орналасқаны біз үшін өте ыңғайлы. Мен, мәселен, алғаш рет қандағы қант және холестерин деңгейін тексеріп отырмын. Күнделікті осындай заттарға біз мән бермейміз және барып анализ тапсыруға кейде мүлдем уақыт таппай жатамыз. Сондықтан, осындай акциялар халық үшін өте ыңғайлы», -  дейді Әйгерім.

Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін түсіндіру үшін ашық ақпараттық алаңдар құру мақсатында Павлодарлық жасотандықтар «Кеңес орталығында» халыққа кеңес беру бойынша «Жастар Отанға!» акциясын өткізді.

Акция барысында жастар ұйымдарының, партия қоғамдық қабылдауының  өкілдері,  «Даму» фондының маманы мен психологы жастар арасында үндеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, еліміздің барлық аймақтарында ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын жүзеге асыру және түсіндірме жұмыстарын жүргізу басталған болатын.

Бір күнде мамандар 100-ге жуық адамға кеңес берді.

Аталмыш шара Ақтау қаласында да өтті. Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Есетов Қуаныш Қалпенұлы, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Қожахметова Күнімхан Майданқызы, Ақтау қалалық емханасының директоры Жұмалиева Орынша Тынысқызы, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының маманы Исаев Мерей Сағатұлы және жергілікті көші қон полиция қызметкерлері «Мағаш» базарында қала тұрғындарымен кездесті. 3 сағатқа созылған қабылдауға 42 азамат арыз – шағымдармен, мәселелерімен келді. Қабылдау аясында келушілерге кеңес беріліп, әрбір мәселенің шешілу жолдары қарастырылды.

Жұмыспен қамту орталығының маманы жұмыссыздыққа байланысты жүргізіліп жатқан жобаларды түсіндірді, жастардың жұмысқа орналасуы үшін кеңестерін берді. Емхана басшысы азаматтарға емдік шаралар кезіндегі тұрғындардың құқықтары, тегін дәрі дәрмек кімге берілетіндігін айтты. Қалалық мәслихат депутаты өз кезегінде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауын түсіндіріп, үндеуде жарияланған реформаның маңыздылығын да жеткізді. 

« Кері қайту