Ақтөбелік жас ақындар Мұқағали шығармашылығын еске алды

10 ақпан 2017 , 15:16 · 633 қараулар

Бүгін Ақтөбе қаласында «Жас Отан» Жастар қанатымен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Соғады жүрек» атты жас ақындар байқауы өтті. Байқау екі бағыт бойынша өткізілді:

  • Ақын шығармашылығын мәнерлеп оқу;
  • Жас ақындардың арнау өлеңдері;

Жыл басында бастау алған байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде арнайы бейне түсіріп салу болса, екінші кезең бірінші кезеңнен өткендер тікелей халық алдында өз өлеңдерін оқыды.
Жаңа технологияны жетік меңгерген, жаңалыққа жаны құмар жастардың саны аз болмады. Бірінші кезеңге жалпы саны 50 астам ақын қатысып, оның 24 екінші кезеңге жолдама алды. Сол жастар бүгін әділқазы алқасы мен жасотандық өзге жастардың алдында өнерін ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша «Ақынға арнау» бағыты бойынша бас жүлдені Сымбат Арынова жеңіп алса, жүлделі бірінші орынды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің студенті Айбазар Нұрталап жүлделеді. Екінші орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Мүрсәлім Дастанбек иеленсе, үшінші орынға әділқазы алқасы Жұбаналы Рахметтолланы лайық деп таныды.

Ал «Ақын шығармашылығынан» Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Алмат Спанов топ жарды. Жүлделі орындарға Досмұхаммедова Амангүл, Ғилым Замира, Нұрбалиев Данияр ие болды.

Шара соңында «Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин осындай шаралардың жастарға берер тәрбиелік мәні зор екенін атап көрсетті. Мұзбалақ ақын шығармашылығын насихаттауға арналған шаралар легі алдағы уақытта өз жалғасын таппақ. 

« Кері қайту