Оралда қалалық пікір-сайыс турнирі өтті

15 ақпан 2017 , 15:13 · 590 қараулар

«Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі - қолбасшылық, екіншісі - шешендік өнер» - деп ұлы шешен-ділмар М.Т.Цицерон айтып кеткендей, қазақ халқында шешендік өнер атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер.

«Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Ақиқат» пікір-талас орталығымен бірлесе М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғимаратында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студент жастары арасында конституциялық реформаларды насихаттауға арналған қалалық пікірсайыс турнирін өткізді.

Пікірсайысқа 9 фракция қатысып, іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен «Мерген шәкірттері» мен «Enterpriser» командалары финалдық ойында өз бақтарын сынады. Ойын барысында Қазақстан Республикасының билік жүйесінің Парламенттік Президенттік басқаруының тиімді жүйесі, әлеуметтік желіні алмастыратын жаңа бағдарлама секілді тақырыптар талқыланып, тың идеялармен ұсыныстар тыңдалды.

Турнир қорытындысы бойынша «Enterpriser» фракциясы айқын басымдықпен жеңіске жетті, екінші орынды «Мерген шәкірттері» фракциясы, ал үшінші орынды «Айтұмар» фракциясы иеленді.

Турнирдің үздік төрешісі болып Шаримов Сәкен танылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

« Кері қайту