«Саламатты ұрпақ» жобасы аясында волейболдан турнир

16 ақпан 2017 , 15:11 · 1129 қараулар

Ағымдағы жылдың 14 ақпан күні Қызылорда қаласында «Саламатты ұрпақ» жобасы аясында волейболдан турнир өтті. Турнир ұйымдастырушысы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалы.

Сайыс алдында волейбол спортының ардагері Жаңабек Алтынбеков, «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда қалалық бөлімшесінің басшысы Талғат Тілес сөз алып, саңлақтарға сәттілік тіледі. Ардагер Жаңабек Алтынбеков сайыста достықтың қымбат екенін атап өтті.

Турнирде 2 топқа  бөлінген 10 команда қатысып ойын өрнегін көрсетті. Қаладағы сайысқа ұсыныс берген 10 жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 10 команда шықты. Сайыс өте тартысты өтті. Әсіресе финалда жолыққан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі студенттерінің ойындары әсерге толы болды.

Турнирдің қорытындысы бойынша  І орынды – Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі, ІІ орынды – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, ІІІ орынды – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі иемденіп, кубоктармен марапатталды.

Сондай ақ, «Саламатты ұрпақ» жобасы аясында Орал қаласында да волейболдан турнир өтті. 

Жарысқа 5 команда қатысып, жүлделі I орынды және «Жас Отан» Жастар қанатының кубогін «БҚИТУ» командасы, ал II орынды «ҚазИТУ» командасы, III орынды Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің студенттерінен құралған командалар иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар, «БҚМУ» және Құрманғазы атындағы саз колледжінің командаларына алғыс хаттар табыс етілді. 

Бұл турнир «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастырып жатқан бірінші турнир емес. Бұған дейін оқытушылар арасында кіші футболдан турнир, ардагерлермен жастардың жолдастық кездесуі т.б. сайыстар ұйымдастырылған болатын. Енді алдағы уақытта жастар арасында үстел теннисінен сайыс өткізу жоспарлануда.

«Жас Отан» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған волейболдан өткен облыстық турнирге «Жамбыл политехникалық колледжі», «Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі», «Тараз-Болашақ», «Білім колледжі», «Астана колледжі», «Жамбыл медициналық колледжі», «Тараз политехникалық колледжі», «Парасатколледжі» құрама командалары қатысты.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру – Еліміздің бірден-бір стратегиялық бағыты, елдің ұлттық қауіпсіздігінің, оның болашағының факторы.

Турнир қорытындысы бойынша І орынды - «Жамбыл политехникалық колледжі», ІІ - орын «Болашақ» және  ІІІ орынды «Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі» командалары иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласында ерлер арасында өткен волейболдан турнир олимпиада жүйесі бойынша өтті. Дәстүр бойынша турнир алдында әнұран шырқалды. Турнирге қаламыздың 7 жоғары оқу орындарымен мен колледждерден командалар қатысты. Жартылай финалға Азаматтық көпсалалы қорғаныс колледжі, «ЖасStar» командасы, «АМКУ - 2» және Ж. Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледждің командалары өтті. Ұзақ және даулы күрес нәтижесінде 2:0 есебімен Ж. Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі жеңіске жетті.

«Мен бүгінгі өткен ойынға ризамын. Осы ойын арқасында алдағы уақытта дайындығымызды шыңдай түсіп, басқа да жеңістіктерге жетеміз деген сенімдемін. Турнирдің ұйымдастырушыларына, «Жас Отан» ЖҚ алғысымды айтамын» - деді А. Мырзахметов атындағы КУ командасының капитаны Қуандық Базарбае. 

« Кері қайту