Алматыда «Жас Отан» ЖҚ кубогына волейболдан турнир өтті

16 ақпан 2017 , 17:11 · 857 қараулар

Спорт - денсаулық кепілі! Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті.

Осы орайда «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалы 15 ақпан күні «Саламатты ұрпақ» жобасы  аясында «Жас Отан-2017» кубогына арналған волейбол ойындарынан турнир ұйымдастырды. 17-22 жас аралығындағы ЖОО студенттерінің қатысуымен өткен  жарыс Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің спорт кешенінде өтті.

Шараның ашылу салтанатында «Жас Отан» ЖҚ-ның Алматы қалалық филиалы төрайымының орынбасары Жұлдыз Ыбытаева: «Негізгі идея жастарды салауаттылыққа ынталандыру, дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға  үгіттеу. Себебі елді ілгері апаратын – сауатты, білімді, дені сау жастар. Сонымен қатар, шараның ЖОО арасында өткізілуі қатысушылардың өзара достық қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді»,- деп атап өтті. Сондай-ақ, спорт клубының басшысы Садуақас Шыңғысбаев ойыншыларды ережемен таныстырып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Қызу тартысты өткен жарыстың нәтижесінде ерлер арасындағы волейбол турнирінен 1 орынды Қазақ спорт және туризм академиясының құрамасы иеленді, ал қыздар арасындағы жарыста Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрамасы жеңіске жетті. 

« Кері қайту