Астанада «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» атты кездесу өтті

10 наурыз 2017 , 19:08 · 531 қараулар

«Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы». Осы тақырып аясында 9 наурыз күні Елордадағы №51 мектеп-гимназиясында ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіровтің оқушылармен кездесуі өтті.

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты қолға алған «Өркендеу» жобасы аясында өткен шараға айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин, жоба үйлестірушісі Күлән Абзулдаева, білім ордасының басшысы Күнімхан Смағұлқызы, «Жас Отан» ЖҚ Орталық аппаратының Жастар жобалары бөлімінің меңгерушісі Айжан Өтегенова, Астана қалалық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Мұхаммеджан Болысбек қатысты.

Кездесу барысында Тоқтар Әубәкіров жастарға елдігімізді білдірер, ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынар тәрбиелік мәні зор дәстүрлі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаның маңыздылығы жайында сөз өрбітіп, өзінің балалық шағындағы қызықты оқиғалармен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Мен балалық кезімде ұшқыш болуды армандадым. Өсе келе сол арманды орындау мақсатында Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түсіп, кейін бұл саладағы білімімді Авиация иститутында шыңдадым. 1990 жылы ғарышкер құрамына қабылданып, 1991 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ғарышқа аттандым. Осылай менің бала кезімдегі арманым жүзеге асты. Сендерге тілерім, армандарыңа қол жетуге тайынбандар, тек алға ғана ұмтылуға тырысыңдар. Бұл жолда ең бастысы ешкімнің ала жібін аттамай, білімнің нәрімен сусынданып, айналадағы адамдарға сыйластықпен қарап, тек адал жолмен жүріңдер дегім келеді»,- деді Тоқтар Әубәкіров.

Жастар өз кезінде өз өнерлерін ортаға салып, тәрбиелік жолына бағытталған өлең шумақтарын айтып, патриотты әндерін паш етті.

Оқушылардың тәлім-тәрбиесіне өзіндік үлестерін қосып, болашақта инабатты, ибалы және өз елінің патриоты болуға ынталы жастарды қалыптастыру аясында еңбек етіп жатқан ұстаздарға жоба ұйымдастырушылары атынан грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Мектеп ұжымы «Жас Отан» жастар қанатының бұл игі бастамасына табыс тілеп, отбасы мәртебесін көтеріп, жастарды ұлттық құндылықтар бағытында тәрбиелейтін жобаға қашанда жасампаз істердің ұйытқысына айнала берсін деген ізгі тілектерін білдірді. 

« Кері қайту