Ақтөбелік жастар депутаттан кеңес алды

5 сәуір 2017 , 18:58 · 1016 қараулар

«Жастар -Отанға!» партиялық жобасы аясында «Кеңес беру» орталығында Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты Ануар Тасимов  қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға алғаш болып жазылған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Әсем Әлібекова. Ол тарих факультетінде «Туризм» мамандығы бойынша білім алуда.  

«ЖОО бітіргеннен кейін мамандығым бойынша бірден жұмысқа орналаса алмай қаламын ба деп алаңдаймын», - деп мәселесін айтып, кеңес сұрады.

Халық қалаулысы жауабында елімізде туризмді дамытуға арналған бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде ішкі туризмді дамытуға назар аударылғанын айтты. Сондықтан да оған осы кезден ойланып, табыс көзі болатын саладан уақыт өте келе бизнес ашуға кеңес берді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Елубай Қарабасов та қоғамдық қабылдауға жұмыс мәселесімен келген. Жас маман Ақтөбе политехникалық колледжін «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша бітірген екен. Айтуынша, Ресейде жұмыс істеп, қысқартуға ұшырағаннан бері жұмыс таба алмай жүр.

Ануар Тасимов алдымен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркелуге кеңес берді. Содан соң түйіндемені  таратуға болатын бірнеше мекемелерді атады.

«Бұл орталықта жыл басынан бері екінші мәрте қоғамдық қабылдау жүргізіп отырмын. Осы уақыт аралығында кеңес сұрап 136 адам келген. Мұнда жақсы жұмысқа жылдамырақ орналасуды көздеген қыздар мен жігіттер көбірек келетінін өзімнің тәжірибемнен біліп отырмын. Сондықтан қоғамдық қабылдауға даярланғанда ертерек қажетті мәліметтерді қарап, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жастарды қолдауға арналған бағдарламаларды қайталаймын», - деді қалалық мәслихат депутаты. 

« Кері қайту