Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

17 сәуір 2017 , 12:03 · 690 қараулар

Шоқан Уалиханов атындағы КМУ-нің белсенді студенттері Ғашықтар күніне арнап мерекелік сайыс ұйымдастырды. Жалпы сайысқа төрт жұп қатысып, махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның, Жібек пен Төлегеннің, Қалқаман мен Мамырдың, Еңлік пен Кебектің кейпіне енді. Атап айтатын болсақ, олар: Сырым мен Самал, Ахмедияр мен Нұрай, Асланбек пен Жансая, Жанболат пен Жайна есімді жарасымды жұптар. Аты аталған қатысушылар сайыста төрт кезең бойынша бақ сынады. Яғни, таныстыру, өзін-өзі көрсету, викториналық сұрақтар, сахналық көрініс арқылы өнерлерін қалың көрерменге паш етті. Айта кетсек, өз өнерлерін көрсету үшін барлық күш–жігерін салып, өнердің барлық түрлерін көрсетті.

Қазыналардың шешімі бойынша: «Ең жарасымды жұп» – Әлмұрт Асланбек пен Жақсылық Жансая дипломмен марапатталып, кішігірім сыйлыққа ие болды. «Ең өнерлі жұп» номинациясына ие болған Мұхтаров Жанболат пен Амангелдина Жайна естелік сыйлықтарға ие болды және «Махаббат символы» номинациясының иегерлері Сырым мен Самал есімді ғашықтар жұбы дипломмен марапатталып, моноподтарға ие болды. Көрерменнің көңілінен шығып «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болған және бас демеушілеріміз «Don't worry Papa" түнгі клубы арнайы дайындаған 10000 теңгелік сертификатты Ахмедияр мен Нұрай есімді жарасымды жұп қанжығаларына байлаған.

Сонымен қатар, сайысқа қатысушыларына сый ретінде мамыр айында «Тұлпар» сауықтыру орталығына тегін жолдама берілді. Жеңістеріңіз құтты болсын! Сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз! Әрқашанда қуаныш, бақыт пен сезім бірге болсын! 

« Кері қайту