Астанада «Гүлдене бер, Туған ел!» жастар марафон-эстафетасы өтті

22 сәуір 2017 , 13:52 · 557 қараулар

Мемлекет Басшысы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында « Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп атап өтті.

Осы ретте, 2017 жылдың 22 сәуір күні «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастыруымен «Гүлдене бер, Туған ел!» атты жастар марафон-эстафетасы өтті.

Шараға ҚР Парламенті депутаттары Бақтияр Мәкен, Геннадий Шиповских, атақты тележүргізуші Асхат Садырбай, әнші Рүстем Нұржігіт және Ибрагим Ескендір және елордалық белсенді жастар қатысты.

«Өз еліне пайдасын тигізуге ынталанған жастар саны күннен-күнге артуда. Осындай шаралар аясында қалаларды көгалдандырып, тазалық жұмыстарын жүргізе жастар Туған елдің, жердің дамуына үлестерін қосып келеді. Алдағы уақытта бұл марафон-эстафета барлық облыстарда жалғасын таппақ», – деді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Марафон-эстафетаға қатысушылары тазалық жұмыстарын жүргізіп, 450 түп ағашын отырғызды.

«Гүлдене бер, Туған ел!» жастар марафон-эстафетасы 2016 жылы бастау алған болатын. Марафон аясында сенбіліктер тұрақты түрде өткізілетін болады. Шара аумақтарды тазалап, көркейту, ашық аулалық спорт алаңдарын салып, көріктендіру, ағаштарды отырғызып, жас көшеттерді күту, жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру, өзен алқаптарын тазарту,  ардагерлер, зейнеткерлер, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлері мен шаруашылықтарын көркейтуге жәрдемдесу және т.б. жұмыстарды қамтиды.

Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты патриотизм және еңбекті қадірлеу бағытында тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және де Отанға сүйіспеншілік негізінде азаматтық сана-сезімді дамыту.

« Кері қайту