Ибрагим Ескендір ерекше жобамен елді аралауға шықты

4 мамыр 2017 , 17:28 · 757 қараулар

«Жас Отан» ЖҚ ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзін негізге ала отырып, ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты жаңа жобаны ұйымдастырды. Аталмыш жоба аясында «Көк тудың желбірегені» әнімен танымал болған, кеше ғана тұсауы кесілген «Оян қазақ!» әнімен көрермен ықыласына бөленген, ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, патриоттық әндердің орындаушысы Ибрагим Ескендір алғашқылардың бірі болып ерекше патриоттық жобаны қолға алып, елді аралауға шықты.

Жобаның алғашқы бастамасы ағымдағы жылдың 2 мамыр күні Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы концерт залында өтті. Және концерт Шымкент, Тараз, Алматы қалаларында өтіп, еліміздің басқа да аймақтарында жалғасын таппақ. 

Концерттік кешке аймақтағы қоғам және спорт қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары, жас патриоттар академиясының мүшелері, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушылар, жас ақындармен, мектеп оқушылары  қатысты.

Концерт ҚР мемлекеттік әнұранымен басталып, концерт барысында Ибрагим Ескендірдің «Оян қазақ!» жаңа әнінің тұсауы кесілді. Кеш барысында, Қызылорда қаласы «Өнер мектебінің» домбырашылар ансамблі күй тартып, «Туған ел» вокалдық топ өнер көрсетті, жас ақын Ділдахмед Райымбек «Жастарға елім сеніңдер» атты өлеңін көрермендерге паш етті. Кешті белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді. Ибрагим Ескендір концертті «Көк тудың желбірегені» әнімен тәмәмдады.

Жобаның басты мақсаты - жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жас таланттардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал жасау, өскелең ұрпаққа мәдени және рухани тәрбие беру. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ағайынға жәрдемдесуге шақыру. Айта кетейік, барлық аймақтарда «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалдарының «Кеңес орталықтарында» су тасқынынан зардап шеккенкендерге  материалдық көмек жинау жұмыстары жүргізілуде.

 

 

« Кері қайту