Орал қаласында «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық концерт өтті

17 мамыр 2017 , 11:05 · 479 қараулар

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты» «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесе, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзін негізге ала отырып, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты жаңа жоба еліміздің барлық қалаларында өтіп келеді. Өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді нығайту мақсатында Орал қаласында ағымдағы жылдың 15 мамыр күні «Нұр Отан» концерт залында ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, патриоттық әндердің орындаушысы Ибрагим Ескендірдің жеке шығармашылық кеші өтті.

Жоба аясында арнайы мектеп интернатының өнерпаз жастары, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері мерекелік кеште өз өнерлерін көрсетті. Кеш барысында Ибрагим Ескендір республикаға танымал жайдарманшы Тлеков Қабдол, әнші, облысымызда беделі биік «Бигалиевтер» отбасылық ансамблінің мүшесі - Бигалиева Марина, самбодан спорт шебері, самбо күресінен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы - Нығмет Серікбай, «Жас Дарын» облыстық фестивалінің лауреаты, «Эстет» би студиясының жетекшісі Тлеккалиева Сәуле, жас ақын, «Ақберен» жас ақындар мектебінің шəкірті Шамұратов Дәурен сынды жас дарындарды «Жас Отан» Жастар қанатының қатарына қабылдап, арнайы төсбелгілерді табыстады. Сонымен қатар, концерт барысында мектеп оқушылары мен «Балдәурен» РОСО базасында құрылған қазақстандық жас патриоттар Академиясының мүшелері Елбасына арнаған өз тілектерін «Тілек кітапшасына» жазу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш кітап эстафеталық жолмен аймақтан-аймаққа жолдау арқылы жүргізіліп, Астана қаласында өтетін мерекелік кештердің бірінде Мемлекет басшысына табысталуы көзделіп отыр.

Осылайша, Қазақстанның өнер өлкелерінде кештерін өткізіп келген Ибрагим Ескендір жыл соңында елордада қорытынды концерт беруді жоспарлауда.

« Кері қайту