«Сәтті қадам» партиялық жобасының екі бағыты бойынша жаңа кезең бастау алды

6 маусым 2017 , 12:35 · 886 қараулар

2017 жылдың 6 маусым күні «Сәтті қадам» партиялық жобасының екі бағыты бойынша жаңа кезең бастау алады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ғимаратында өткен брифингте «Жас Отан» ЖҚ Төрағасы Данияр Сүндетбаев: «Сәтті қадам» жобасы елімізде бес жылдан бері табысты жүзеге асырылуда. 2016 жылы жобаға толықтырулар енгізіліп, жұмысты үш бағыт бойынша жүргізіп келеміз. Бүгін жоба аясында  түлектердің тағылымдамадан өту және ЖОО мен ТжКБ түлектері қатарындағы жетім балаларды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету бағыттары бойынша жұмыс бастау алатын болады», – деп өз ойымен бөлісті.

«Сәтті қадам» жобасы жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне өз мансап жолдарын Қазақстанның ұлттық компанияларында, түрлі министрліктер мен ведомстволарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. 2016 жылы Алматы мен Астана қалаларында жүзеге асырылған бағытқа қатысу үшін 400 өтініш қабылданып, 180-ге жуық түлек 3 ай тағылымдамаға жіберілді.

 «Сәтті қадам - 2016» жобасының қатысушысы Ануар Нагенбай өз тәжірибесімен бөлісіп: «Қазіргі кезде еңбек өтілімінсіз жұмысқа орналасу өте қиын, себебі жұмыс беруші алдымен еңбек өтіліміне көңіл аударады. Сондықтан мұндай жобалар енді жоғары оқу орнын бітірген жастар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.  Оқу орнын бітірген кезде, жұмысқа қалай орналасам, оны қалай табам деген сұрақтар болды. Алайда, «Сәтті қадам» жобасы арқасында көп ізденісте жүрудің қажеттілігі болмады. Екі кезеңнен өтіп, «Астана ЭКСПО - 2017» АҚ-на 3 ай тағылымдама өтуге бардым. Жұмысқа тұрдым. Мемлекет тарапынан жастар үшін істеліп жатқан шаралар қатты қуантады», – деп атап өтті.

Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда тегін 3 ай тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұрам деген жастар құжаттарын 6 маусымнан 1 шілде аралығында satty_kadam@zhasotan.kz сайтына жолдай алады.

Сондай-ақ, жобаның екінші бағыты бойынша «Жас Отан» жастар қанатының аймақтық филиалдары жүргізген жұмыстың нәтижесі бойынша 200-ден астам кәсіпорынмен келісім-шарт жасалынып, 1640 бала тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.  Айта кетейік, 2015-2016 жылдары ЖОО мен ТжКБ 3595 бала тәмамдады.

ҚР Білім және ғылым Министрлігінің деректеріне сәйкес биылғы жылғы  түлектер қатарында 2488 жетім балалар, олардың ішінде Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1819 түлегі және Жоғарғы оқу орындарының 699 түлегі білімдерін тәмамдап, жұмыс іздеуге кіріседі. Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы игі жұмыстар жалғасын табатын болады.

« Кері қайту