Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран - тәуелсіздігіміздің тұмары

5 маусым 2017 , 16:42 · 725 қараулар

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай еліміздің барлық аймақтарында «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастырылуымен мерекелік шаралар өтті.

3 маусым күні Орал қаласында өткен «Менің туым» атты эстафетаны мотоциклшілер қала кіреберісіндегі «Орал» жазуынан бастап, «Динама» спорт базасы жанында күтіп тұрған қайықшыларға берді, қайықшылар «Мәдениет және демалыс» саябағында спортшыларға табыстап, ары қарай велошабандоздар Мемлекеттік туды «Тәуелсіздік» алаңына дейін жеткізді.

Шара аясында самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады. «Әлемнің өзге елдерінде Әнұранымызды ойнатып, көк байрағымызды көтеріп жүрген спортшылар үшін Рәміздер күнінің маңызы ерекше. Бүгінгі айтулы мереке құтты болсын!» – деді ол.  

Патриоттық акция одан әрі қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасын тапты.

Шара барысында street workout көше спортынан жастарға мастер-класс көрсетіліп, қала тұрғындары әуесқой спорт түрлерінен бақтарын сынады. Жеңімпаз болып Павленко Алексей атанса, екінші орынды Горунов Егор, үшінші орынды Михайлов Алексей иеленді.

Мемлекеттік әнұранмен басталған мерекелік концерт жастардың ерекше бағдарламаларымен жалғасты.

Акция қатысушыларына мемлекеттік рәміздер жөнінде арнайы ақпараттық буклеттер мен жалаушалар үлестірілді.

Мерекеге дейін ұйымдастырылған фотосессия қатысушыларының фотоинсталяциясы жасалып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

«Жас Отан» ЖҚ БҚОФ төрағасы Жолдасқалиев Нұрғали Қаршығаұлы: «Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран - тәуелсіздігіміздің тұмары. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан рәміздердің қадір-қасиетін арттыруға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да өз жалғасын табады» – деп ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, елдікті және егемендікті айқындайтын айтулы датаны Алматы облысының жастары да атап өтті.

17 мамыр күні Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы көрсетілген жобаларды іске асыру және Мемлекеттік Рәміздерге 25 жыл толуын атап өту мақсатында аудан-қалаларда «Туған жерге туыңды тік» жастар марафоны Талдықорған қаласында бастау алған болатын. Марафон аясында әртүрлі салаларда жетістіктерге жеткен белсенді жастар, спортшылар Мемлекеттік Туды алып, Жетісу жерінің киелі мекендерін, көрікті жерлерін, барлығы – 25 000 шақырым жерді аралап өтті.

Шара барысы жайында бейнебаян түсірілді. Жастар акциясы барысында мемлекеттік рәміздердің, туған жердің құндылығын насихаттаумен қатар, Тәуелсіздік жылдарында өз ақылымен, еңбегімен, білімімен, дарынымен оза шапқан жастардың «100 жас есімі» анықталады.

Сонымен қатар, шырайлы Шығыс өңірінің бірқатар аудандарында, атап айтсақ, Зайсан, Көкпекті, Үржар, Зырян, Жарма аудандарының және Өскемен қаласының «Жас Отан» ЖҚ аудандық бөлімшелерінің ұйымдастыруымен əр ауданның орталық алаңдарында ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерекесіне арналған «Мен өз елімді сүйемін» атты патриоттар форумы және егеменді еліміздің көк туын желбіретіп «Туым – мақтанышым» атты веложүргізушілер мен автошерулері парады болып өтті. Мерекелік іс-шара барысында ту ұстаушы салт аттылар да болып, жастар арасында флешмоб ұйымдастырылды. Әр өңірдің мәдениет саласының қызметкерлері алаңға жиылған қауымға концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Сонымен қатар, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік гуманитарлық университетінде «Жүрегіммен Отанымды сүйемін» тақырыбында диктант және «Мәңгілік елдің қасиетті рәміздері» атты жүрек жарды арнауларын тарту еткен ақындар мүшәйрасы мен шығарма байқауы өтті.

Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі мен орны ерекше екені даусыз. «Қоғамда Қазақстан – біздің отанымыз, бұл ұғымға көп нәрсе кіреді деген қарапайым ойды қалыптастыру керек» – деп, атап көрсеткен Елбасымыздың сөзі терең ойдан туындаған пікір.

« Кері қайту