Шанхай ынтымақтастық ұйымының Халықаралық Жастар форумы

8 маусым 2017 , 15:25 · 1201 қараулар

2017 жылдың 8 маусым күні Астана қаласы Rixos President Astana қонақ үйінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Халықаралық Жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Форум Қазақстан Республикасының 2016-2017 жылдардағы ШЫҰ Жастар кеңесіндегі төрағалығы аясында ұйымдастырылуда. Шара ұйымдастырушылары - «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ.

Форумның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы имиджін нығайту, ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің жас буыны өкілдері арасында жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту болып табылады.

Форум жұмысына Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Пәкістан, Үндістан мемлекеттерінің жас көшбасшылары қатысуда.

Жастар форумы аясында ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысы өтті. Шара барысында Жастар кеңесінің 2016 жылғы атқарылған жұмысының қорытындалары мен 2017-2018 жылға арналған жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, форум шеңберінде жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылау бойынша тақырыптық секциялар, семинар-тренингтер мен дискуссиялық алаңдар және мәдени шаралар, галстуксіз кездесулер өткізілетін болады.

Форум Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, форум жасыл экономика, туризм және спорт тақырыбында өтуде. 

« Кері қайту