Орталық коммуникациялар қызметінде ШЫҰ Жастар кеңесі басшыларымен брифинг өтті

9 маусым 2017 , 10:06 · 450 қараулар

Халықаралық Жастар форумы аясында 9 маусым күні Орталық коммуникациялар қызметінде ШЫҰ Жастар кеңесінің төрағасы Нұрлан Сүлейменұлы Өтешов, ШЫҰ Жастар Кеңесінің басшысы Александр Карпенко, Қырғызстан Республикасы ШЫҰ Жастар кеңесі Ұлттық бөлігінің жетекшісі Талайбек Дайырбеков және Қазақстан Республикасының Тәджікстандағы Елшілігінің консулы  Сухроб Хафизовтің  қатысуымен брифинг өтті.

 Күн тәртібінде ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысының нәтижелері, Жастар кеңесінің 2016 жылғы атқарылған жұмыс қорытындалары және ұйымның алдағы 2017-2018 жылдарға арналған жоспарлары талқыланды.

«ШЫҰ Жастар кеңесінің Қазақстандағы төрағалығымен әр мемлекеттің жастар саясатындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған біршама жұмыстар жүзеге асты. Сондай-ақ, ұйымға мүше мемлекеттердің тарапынан ұсынылған жобаларды талқылау қарқынды жүргізілді. Қазіргі кезде ұйымға мүшелікке өзге елдердегі Жастар кеңесін енгізуге бағытталған жұмыс регламенті жасалуда. Алдағы уақытта жұмыстар легі өз жалғасын табатын болады» - деген төраға Нұрлан Өтешев ұйым жұмысының маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысы аясында өткен форумда қатысушылар тарапынан біршама жаңа жобалар ұсынылған болатын. Сондай жобалардың бірі ШЫҰ алаңында мәдениет алмасып, саяхаттауға бағытталған картаны енгізу.

«2019 жылы Красноярск қаласында өтетін Бүкіләлемдік универсиада ұйымдастырушылармен бірлескен ШЫҰ Жастар кеңесі мүшелеріне арналған саяхат картасын қабылдау жөнінде келісімге қол қойылды. Осы бағытта қолдау білдірген Қазақстандық әріптестеріме алғысым шексіз» - деген жоба ұсынушысы ШЫҰ Жастар кеңесінің басшысы Александр Карпенко аталған жобаның ұзақ уақыт Қазақстандық және өзгеде әріптестермен талқылаудың нәтижесінде қабылданғанын жеткізді.

«ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысы ШЫҰ басшыларының саммитімен  қатар өтіп жатқандығы біз үшін үлкен жетістік. Бұл тарапта мемлекет басшыларының ШЫҰ аясында мәдениет алмасу, туризмді дамыту сынды жобаларымызды қолдауына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз» - деген Қырғызстан Республикасы Жастар кеңесі Ұлттық бөлігінің жетекшісі, Талайбек Дайырбеков ұйымдастырушылардың шараны өткізу уақытын  таңдауына  ризашылығын жасырмады.

Еске сала кетсек, ШЫҰ Жастар кеңесі ШЫҰ басшылары арасындағы саммитпен тұспа-тұс өтуде.

 

« Кері қайту