Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны бастау алды

14 маусым 2017 , 19:04 · 412 қараулар

Ағымдағы жылдың 13 маусымында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығы полигонында ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған үшінші халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жастардың жыл сайынғы әскери-патриоттық жиынының негізгі мақсаты әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшыларының бірлестіктері арасында ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Осы жылы жиынға 600-ден аса қатысушы қатысады. Олардың қатарында республикамыздың өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Астана, Шымкент, Алматы, Қарағанды қалаларында шоғырланған «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Павлодар қаласындағы әскери мектеп-интернатының, Семей қаласындағы мамандандырылған ер балалар мектеп-лицейі және Ресей Федерациясы Орынбор президенттік кадет училищесінің тәрбиеленушілері.

Жастардың әскери-патриоттық жиынынан "Жас Отан" Жастар қанаты да шет қалмады. Шараға барша Жасотандықтардың атынан төраға Сүндетбаев Данияр Манарбекұлы қатысып, Айбындықтарды салтанатты шараның ашылуымен құттықтап қайтты.  

Бұл жылғы «Айбын» жастар жиыны 17 маусымға дейін созылады. Жиын бағдарламасына өңірлер мен оқу орындарының таныстыру рәсімі, «Білімдар» зияткерлік ойыны, қатысушылардың өзіндік жетістіктерінің көрмесі, роботты техника бойынша «Менің роботым» байқауы, «World of tanks» компьютерлік ойыны, сондай-ақ «Айбын дауысы» мега-арт фестивалі енгізілді. Жиын бағдарламасында көптеген әскери-қолданбалы сайыстар айрықша орын алып отыр. Олар: әскерилендірілген кросс пен эстафета, пневматикалық винтовкадан оқ ату, пейнтбол және тағы басқа. Жиын барысында қатысушылар қытымыр әскердің тыныс-тіршілігіне дайындық бірегей мектебінен өтіп, қазақстандық армияның заманауи техникасы мен қару-жарағын тамашалайды. Өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін сынап, жаңа достар табады.

 

Мәліметтер https://www.mod.gov.kz сілтемесінен алынған



 

« Кері қайту