Ақтөбелік жасотандықтар қан тапсыру акциясын ұйымдастырды

15 маусым 2017 , 10:52 · 324 қараулар

Дүниежүзілік донор күні қарсаңында «Жас Отан» Жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы «Облыстық қан орталығы» КММ бірлесе отырып, «Будь чудом» акциясын ұйымдастырды. 

Шараға Ақтөбе облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Д.Исмағамбетова, Ақтөбе қаласының әкімі И.Испанов, «Жас Отан» Жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы А. Бүркіталин қатысты. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – дертке шалдыққан жандарға үміт отын сыйлай отырып, тұрғындар арасында донорлық мәдениетті қалыптастыру. Облыстық қан тапсыру орталығы директорының орынбасары Гүлсім Абдрахманованың айтуына қарағанда, соңғы уақытта тұрғындар арасында қан тапсыруға ниетттілер саны артып келеді. «Күн сайын мекемеге келіп ерікті түрде қан тапсырушылар саны кем дегенде 20-25 донорды құрайды. Қуантатыны ниеттілердің басым көпшілігі жастар. Бұл да болса бүгінде өздеріңіздей жастармен жүргізіліп тұратын тұрақты жұмыстың нәтижесі сыңайлы».

Ұйымдастырылған акцияға барлығы 43 азамат қатысты. Соның бірі сирек кездесетін, резусы теріс 4 топтағы қан тапсырушы Аида Нұрбекова.

«Бұл менің қан тапсырудағы алғашқы қадамым, қобалжу да болды. Алайда бір жанның болсын өмірін сақтап қалуға пайдаң тисе, неге тапсырмасқа» - деген жасотандықтың сөзі көпке үлгі.

«Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Асылжан Бүркіталиннің  айтуынша бұл игі істің кезекті жалғасы күзге жоспарланып отыр.   

« Кері қайту