«3.2.1. Старт!» республикалық әлеуметтік жобасы өз жеңімпаздарын анықтады

20 маусым 2017 , 11:03 · 648 қараулар

Бүгін, 20 маусым «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «3.2.1. Старт!» әлеуметтік жобасының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Қатысушылар арасынан іріктелген 10 финалист конкурс комиссиясына өз идеяларын ұсынып, сәйкесінше комиссия жоба ұйымдастырушылары тағайындаған грантқа ие болатын финалисттерді анықтады.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың наурыз айында CCI Kazakhstan компаниясы «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып, Қазақстанның түрлі аймағындағы нақты әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуде жастар бастамасын анықтап, қолдауға бағытталған «3.2.1. Старт!» ірі жобасын бастаған болатын.

Өтінімдер наурыз айының ортасынан бастап сәуір айының аяғына дейін қабылданды. Жобаға қатысу талаптарын жастарға таныстыру мақсатында            «Жас Отан» ЖҚ өкілдері Қазақстанның барлық аймақтарында студенттермен бірнеше кездесулер өткізді. Нәтижесінде, қарауға түскен 80-нен астам жобаның арасынан конкурс комиссиясы 10 финалистті іріктеп алды.

 «Орталық Азияның Еуразия қоры» ҚҚ өкілдері барлық финалистермен кәсіпкерлік, әлеуметтік жобалау және жоспарлаудың қыр-сырларын оқытуға бағытталған бірнеше вебинарлар өткізді.

Оқыту бағдарламаларынан кейін қатысушыларға соңғы презентацияларын дайындауға тапсырма берілді. Жоба жеңімпаздарын анықтау мақсатында құрамы жоба ұйымдастырушыларынан, министрліктер, тәуелсіз баспасөз құралдары өкілдерінен тұратын комиссия жасақталды. Жеңімпаздарды анықтау барысында   шынайылық, инновациялық,  жобаны басқа аймақтарға тарату мүмкіндігі, тұрақтылық, жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері сынды қағидаттар басты назарға алынды.

Нәтижесінде үздік үш бизнес идеяның авторлары өз жобаларын жүзеге асыруға 1 миллион теңге көлеміндегі гранттарға ие болды. Аталған қаражатқа жеңімпаздың әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға көмектесетін қажетті жабдықтар мен инвентарь сатылып алынатын болады.

Үздік жобаның алғашқысы, Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 9-шы сынып  оқушысы Қуаныш Мәден. Қуаныштың жобасы әлемде теңдесі жоқ құбыр тазалаушы робот (робот трубочист). Қазіргі таңда, Қуаныштың жобасын патенттеу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаның қоғам үшін пайдасына терең тоқталған комиссия мүшелері жобаның өміршеңдігіне зор сенім білдірді. Дәл осындай сыйақыны Шығыс-Қазақстан облысы,                       А. Құнанбаев атындағы мектеп-лицей оқушысы Дінмұхаммед Серікұлы қанжығасына байлады. Жеңімпаздың жобасы жас таланттар арасында хип-хоп жанрын жандандыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Өз үйіңнің түтіні түзу шықсын» жобасы. Сондай-ақ жобаның тағы бір ерекшелігі ауыл тұрғындарының жас ерекшелігіне шектеу келтірмей барша тұрғындар арасында бұқаралық мәдениетті жандандыруға бағытталуы. Конкурс комиссиясы мүшелерінің көңілін жаулаған үшінші жоба «Тұран» колледжінің түлегі Алина Дектереваның «Алтын қол» жобасы. Атауына сәйкес идея 35 жасқа дейінгі жұмыссыздықпен сандалған қыз-келіншектерге ақысыз түрде балаларға арналған түрлі киім-үлгілерін тігу курстарын ашу, әрі қарай өнім өндіруге бағытталған жұмыс орындар ашу арқылы жұмыссыздықтың алдын алу. Алдағы тұста аталған үш бизнес идеяның да қоғамда алар орны күн санап еселенетініне сенім білдірген комиссия мүшелері әрбір қатысушының қорғаған жобаларының ертеңіне сенім білдірді.

 «Әрине, келіп түскен өтінімдер арасынан қызықтырақ, бастысы, перспективті идеяларды таңдап алу оңай емес. Алайда іріктеудің критерийлері финалисттерді анықтауға сөзсіз көмектесті. Әр жобаның артында адамдар тұрғанын, олардың қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтынын және республикамыздың дамуына үлкен үлес қосуды көздейтінін барлығымыз түсіндік. Сондықтан да, конкурс комиссиясының мүшелері атынан жобаның барлық қатысушыларына алғыс білдіргім келеді» - деген, CCI Kazakhstan компаниясының корпоративтік және мемлекеттік қатынастар жөніндегі бөлім директоры Алима Исембаева қатысушыларға алғыс білдіріп, болашақтарына табыс тіледі.

Жоба ұйымдастырушыларының жоспарына сәйкес 2017 жылдың қараша айында қорытынды презентация болады. Сол кезде үш жеңімпаз жобаның алғашқы нақты нәтижелері қоғамға ұсынылады.

 

 

« Кері қайту