Өскемендік жасотандықтар зейнеткердің үй шаруасына көмек көрсетті

22 маусым 2017 , 15:49 · 259 қараулар

 «Жас Отан» Жастар Қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының белсенділері мен еріктілері зейнеткер әженің үй шаруасына көмек көрсетті. Қайырымды жұмыстың бірі - Өскемен қаласы, Ахмер кентінің тұрғыны, зейнеткер, ұстаз, «еңбек ардагері» Макен Рахимовнаның үйіне бағытталды. Ерікті жастар ардагердің үй ауласын шөптен тазартып, қоқыстарын шығарып, темір-терсектерді жинақтап реттесті. Көмекшісі жоқ зейнеткер Макен Рахимовна жастардың көмек қолын созғанына риза болып, белсенділермен өмірдегі жетістіктері мен еңбектегі сіңірген жарқын жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Керемет әңгіме арасында жасотандықтар ардагер тұрып жатқан үй ауласында тазалық жұмыстарын бітіріп, ақ жаулықты әженің ақ батасын алып қайтты.

«Балалардың келгеніне қуанып, көңілім босап қалды. Жастар барлық жұмысты ұқыпты, таза әрі жылдам істеп берді. Мен сияқты зейнеткерге көмек көрсетіп жүрген осындай жастарды тәрбиелеген ата-аналарына алғысым көп", - дейді зейнеткер-ұстаз Макен Рахимовна.

Айта кетейік, партияның «Жастар Отанға!» жобасы аясында жасотандықтар мен еріктілерден құралған топтар бүгінгі күнге дейін басқа да ардагерлермен кездесіп, қолдан келгенше түрлі қамқорлықтар жасап келеді. Қарияларымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтай жүрейік!

« Кері қайту