«Рухани жаңғыру және жастар» атты Әлем қазақ жастарының І халықаралық форумы өтті

24 маусым 2017 , 9:23 · 734 қараулар

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Рухани жаңғыру және жастар» атты Әлемдегі қазақ жастарының І халықаралық форумы өтті. Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы аясында ұйымдастырылған шараға «Нұр Отан» партиясы және партияның "Жас Отан" Жастар Қанаты мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұрындық болды. Форумға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков және әлемнің 20-дан астам елінен келген қазақ жастары қатысты.

Биылғы Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайына қатысушылардың басым бөлігі жастар өкілдері болғанын ерекше атап өткен жөн. Тіпті делегаттардың 60 пайыздан астамы 35 жасқа дейінгілер. Олардың арасында шет елдерде жетістікке жетіп жүрген ғалым, инженер, дәрігер, мұғалім және тағы басқа мамандық иелері бар. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен және кәсіпкерлік саласында тасы өрге домалаған шеттегі қазақ жастары да Астанадағы құрылтайға арнайы келді.

Форумды ашқан Мұхтар Құл-Мұхаммед әлемнің әр түкпірінде жүрген жастарымыздың алғаш рет Астана төрінде бас қосуы тарихи оқиға екенін атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы дүние жүзіндегі 193 мемлекеттің басын қосады. Солардың ішінде кезінде бүкіл әлемді отарлық бөліске салып, жер жаһанға тараған ағылшын, испан, француз, португал, неміс және орыс сияқты алпауыт халықтар бар. Бірақ осы елдердің ешқайсысы арнайы бағдарлама жасап, қандастарын шетелден алдыртып жатқан жоқ. Бізбен тағдырлас Орталық Азия елдерінде де мұндай үрдіс кездеспейді. Тек Қазақстан ғана тәуелсіздік жылдары тағдыр тауқыметімен жер бетіне тарыдай шашыраған 1 миллионға жуық қандастарымызды атамекенге алдырды. Бұл қазақтың бақыты үшін туған Елбасымыздың өз халқы алдында сіңірген ерен еңбегі. Осыны әрбір қазақ ешқашан ұмытпауы керек», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының қазақ жастарының сапалы білім алуына барлық жағдайды жасап келе жатқанына ерекше назар аударды. Мұхтар Құл-Мұхаммед кешегі құрылтайда Қазақстан Президентінің мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырғанын айрықша атап өтті. Одан бөлек, Мемлекет басшысының Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейтуді және шетелдегі қандастарымыздың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырғаны белгілі.

Форумға қатысқан жастардың барлығы да өз саласында белгілі бір биіктікті бағындырған жандар. Олар мұндай жетістіктің басты құпиясы сапалы білімде екенін айтады. Сондай талантты жастарымыздың бірі, Швециядағы қазақ диаспорасының өкілі, осы елдегі «Абай» қазақ мәдени орталығының жетекшісі Гүлмира Асылбекова. Ол еуропалықтарға Абай шығармаларын насихаттап, ұлттық құндылығымыздың ұлықталуына үлкен үлес қосып жүр.

«Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды озық елге айналдырды. Оны бүгінде бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. Қазақстан – табысты, гүлденген мемлекет. Оның басты жарқын көрінісі мынау ертегідей ғажайып қала Астана емес пе?! Өз басым Астананы Қазақстан жетістіктерінің биік шыңы деп білемін», – дейді Г.Асылбекова.

Түркиядан келген қандасымыз, таэквондодан осы елдің чемпионы, Мұстафа Өзтүріктің лайықты ізбасары Кәрім Ілияс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бүкіл түркі дүниесін елең еткізгенін айтты. Ол өз сөзінде: «Мен үшін бұл мақалада айрықша атап өтерлік дүние – латын әліпбиіне көшу мәселесінің қозғалуы. Бұл шетел қазақтарының көптен күткен жаңалығы еді. Өйткені шетелдердегі ағайындардың біраз бөлігі, дәлірек айтқанда, Түркия мен Еуропаның бүкіл қазақтары латын жазуын қолданады. Елбасымыз кешегі Құрылтайда «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі бізді біріктіре түседі. Жолдауымда мерзімді 2025 жыл деп белгіледім, бірақ, мұны созбалауға негіз жоқ», – деді. Қазақстан әліпбиді өзгерту кезінде Түркияның тәжірибесін жақсы пайдаланып, олардың артықшылық және кемшіліктерін салыстырып, түркі елдері ішіндегі ең мықты латын әліпбиді жасауына болады», – деді.

Сондай-ақ, Кәрім Ілияс жақында ғана Астана халықаралық әуежайына Елбасы есімінің берілуін зор қуанышпен қабылдағанын тілге тиек етіп: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Түркия Республикасының негізін қалаушы және оның тұңғыш Президенті болған Мұстафа Кемал Ататүрікпен салыстырар едім. Ататүрік түрік халқының өркениеті Еуропа елдерінің үлгісімен дамуының жаңа сатысына алып шығу үшін араб әліпбиін латын әліпбиіне ауыстырған болатын. Ататүріктің бұл шешімі өз жемісін берді. Мен Ыстамбұлдағы Ататүрік атындағы ауежайдан Астанадағы халықаралық әуежайға ұшып келгем. Енді кері Ыстамбұлға қайтарда, Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ұшатыныма қуаныштымын», – деді.

Сонымен қатар форумда Италия, Ирландия, Қытай, Моңғолия және тағы басқа елдерден келген қазақ жастары сөз алып, атажұртқа қызмет етуді азаматтық парыз санайтындарын және бұл жолда шетелде алған білімдері мен жинаған тәжірибелерін Қазақстанның игілігіне жұмсауға дайын екендерін жеткізді. Одан бөлек, форумға қатысушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңызы туралы айтып, Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі еліміздің мәртебесін одан әрі асқақтатып, абырой-беделімізді арттырған айтулы шара екеніне ерекше назар аударды.

« Кері қайту