«Сәтті қадам» жобасын жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік органдармен меморандумға қол қойды

3 шілде 2017 , 15:38 · 353 қараулар

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыруға бағытталған «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым минстрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сонымен қатар Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері арасында жаңартылған төртжақты Меморандумға қол қойылды.

Отырыс «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өтті. Шараға жоғарыда аталған министрлік басшылары мен жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобының мүшелері,  партияның өңірлік филиалдары, үйлестіруші ұйым -  «Жас Отан» Жастар қанаты мен БАҚ өкілдері қатысты.

Партиялық жобаның  аталған бағыты 2016 жылдан  бастап «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді.

Жоба бағытының негізгі мақсаты - Ұлттық Бірыңғай тестілеу  (әрі қарай - ҰБТ) тапсыру барысында шекті деңгейді жинай алмаған мектеп түлектерін одан әрі оқыту, жұмысқа орналастыру арқылы жас түлектерді оқуға және еңбекке әлеуметтендіру.

«Елбасымыздың тапсырмасын орындау үш үлкен мәселенің түйінін шешуге мүмкіндік береді: мектеп бітірген жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, бірден жұмыспен қамтылады; мамандық игереді және жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс күшімен қамтамасыз етіледі. Бірде бір мектеп бітіруші біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Бұл қоғамға да, мемлекетке де өте пайдалы іс», - деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Өткен жылғы жобаның статистикалық көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсақ,  ҰБТ-ға  қатыспаған және шекті деңгейді жинай алмаған мектеп түлектерінің жалпы саны 54 172 жасты құрады.  Қайта тестілеудің арқасында  13 514 түлек  қазақстандық  және 5 820  түлек шетелдік білім беру орындарына  оқуға түсті.

Сонымен қатар, 22 526 түлек Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына және даярлау курстарына түссе, 1 006 жас  әскер қатарына шақырылған. Отбасылық себептерге байланысты  1 408  түлек  өз еркімен көмектен бас тартты.

Шара соңында, ағымдағы жылы жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жасақталған жұмыс топтары өз жұмысын қайта бастауға әзір екендігін жеткізді.

Мектеп түлектерін әрқайсысын назарда ұстау үшін «Нұр Отан» партиясы тиісті министрліктермен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрды. Өз кезегінде аталған топ жағдайды ұдайы бақылауда ұстап, дер кезінде қажетті шараларды қабылдайтын болады. Бұл жұмыс еліміздің барлық аймағын қамтиды.

 

 

 

 

 

« Кері қайту