Құрыштан құйылған тұлға

5 шілде 2017 , 13:03 · 180 қараулар

Ұлт тағдыры сынға түскен ең күр­делі кезеңде ел тізгінін ұстаған Елбасы тәуелсіздік жылдары Қазақстанды қаншама қиындықтардан аман алып өтіп, дүниежүзі мойындаған абы­ройлы мемлекеттердің қатарына қосты. Елі­мен бірге өзі де әлем та­ныған қайраткер тұлғаға айналды.
Елбасы билікке келуімен қазақтың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл – ер қа­зақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі.
Жұбан ақын айтса айтқандай, қазақ – «мың өліп, мың тірілген» ха­лық. Бірақ оның кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында да дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақтап көрген емес. Хал­қымызға осы атақ пен абырой­ды әперген – ұлты үшін туған ұлы қай­раткер, құрыштан құйған құді­реттей тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Ең алдымен, Елбасымыз дамудың ұшар биігіне жеткен Батыс пен Шығыс елдерінің тәжірибесін зерттеп, зер­делеп, жинақтап, жүйелеп, ұлт мен­та­литетінің сүзгісінен өткізіп, «Қазақ­стандық жол» атты мемлекет дамуының жаңа моделін жасады. Аға буын «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп баға берген дәл осы жол бізді өркениет биігіне бастап келеді.

Екінші. Қаншама ұзақ жолдың алғашқы шақырымнан басталатыны сияқты «Қазақстандық жол» да ешкім баспаған соны соқпақтардан бастау алды. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тәжірибе негізінде жа­салған «Қазақстан – 2030» бағ­дарламасында жүйеленді. Елбасымыз осы құжатта алға қойған мақсаттарды мерзімінен бұрын орындаған соң, әлемдік экономиканың дамуы мен жаһандық геосаясат ұсынған жаңа проблемаларды қорытып, ел дамуы­ның жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» бірегей стратегия­сын жасады. Дүниежүзі саясаткерлері айрықша құжат ретінде мойындаған дәл осы стратегия Қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елінің биігіне шығара­тын болады.

Үшінші. Елдің етек-жеңі жина­лып, мемлекеттік институттары қа­лыптас­қан соң, Назарбаев саяси реформаны мықтап қолға алды. Ол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қабылданған ел егемендігі туралы декларацияның, тәуел­сіздік туралы конституциялық заңның да басты авторы болып, АҚШ-тың «негізін қалыптаушы әкелер» қыз­метін жал­ғыз өзі атқарды. Қазақ қоғамына тың тыныс, соны серпін бер­ген жаңа Конституцияның да басты авторы болды. Дәл осы Конституция ұлттық заңнама жүйесіне берік ірге­тас болып қаланды. Заң шығарушы, ат­қарушы билік пен тәуелсіз сот жүйе­сінің негізін құрды. Президент­тік биліктің іргесін бекітті. Береке-бірлік пен ынтымақтың Конс­ти­туциясына айналды. Бұл да Елбасы даналығының айқын айғағы болса керек.
Төртінші. Елбасымыз Ата заңға негіздеп, ел тарихында тұңғыш рет қос палаталы кәсіби Парламент түзді. Қай саясатта болмасын, таразы басын тең ұстауды жөн көрген сабырлы Елбасы ұсынған қос палаталы Қазақстан Пар­ламенті уақыттың барлық сынынан сүрінбей өтіп, өз қызметін абыроймен атқаруда.

Бесінші. Тәуелсіздіктің берік қор­ғаны, қалқанына айналған Қазақстан Қарулы Күштерін құрып, оның Жоғарғы Бас Қолбасшысы болды. Қор­ғалған тәуелсіздіктің ғана іргесі берік, түтіні түзу болады. Ілкідегі Тә­жікстан мен Грузия, кейінгі Армения мен Әзір­байжан, кешегі Қырғызстан мен Украи­надағы қанды оқиғалар – осының айғағы. Тәуелсіздік жылдары бірде-бір қазақ анасы соғыста шейіт болған баласын жоқтаған жоқ. Бұл – Жоғарғы Бас Қолбасшысының нағыз ел қорғаны екендігінің бұлтартпас дәлелі.

Алтыншы. Ел тәуелсіздігін алғанда «өгіз терісі – талыстай» ұлан-байтақ қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен ресімделмей, ашық жатқан еді. Міне, осындай «гордий түйінінен» де қиын мұраны кемеңгер Елбасы қисынмен шешіп, қазақ шекарасын халықаралық құжаттармен бекітіп, біржолата және мәңгілікке шегендеді. Бұл – оның бүгінгі һәм қазақтардың болашақ ұрпағы алдындағы ұмытыл­мас тарихи еңбегі.

Жетінші. Ұлы Абай, кемеңгер Шә­кәрім, данышпан Мұхтар туған топырақ­тағы Семей полигонынан қазақ көп зардап шекті, әлі де шегіп келеді. Осы ажал апа­нын 1991 жылдың өзінде-ақ жапқан Ел­ба­сымыз екенін күллі қазақ жұрты ешуақытта ұмытпақ емес.
Н.Назарбаевтың бүкіләлем­дік ядролық қарусыздануға, атом жарылыс­тарын тоқтату мен бейбітшілікті сақтауға қосқан осы бір теңдесі жоқ үлесі оны сол жылдардың өзінде-ақ әлемдегі батыл ойлы мемлекет басшыларының қатарына қосты. Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінбесінен жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы әлемдегі ядролық қарусыздану қозғалы­сының көшбасшы­сына айналды.

Сегізінші. Ел тәуелсіздігін алғанда Қазақстан Республикасының өз валютасы да жоқ еді. Ұлттық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, оны сыртқа сыр шығармай, алдын ала шетелде бастырып, аяғынан тік тұрған валюта жасаған да Елбасымыз болды. Қазір Қазақстан Республикасының ел экономикалық тұрақ­тылығының кепілі саналатын Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 100 миллиардқа жуық АҚШ долларына жететін қаражат бар.

Тоғызыншы. Алдағы мақсат айқын­далып, міндет зорайған соң Елбасы аста­наны Сарыарқаның төріне қондырды. Елбасы қазақтың бағына туған елдің ұлы перзенті болса, Астана – Елбасының төл перзенті. Елорда қазақтың атағын аспан­датып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін болашақтың қаласына айналды. Елордамен бірге ел еңсесі көтеріліп, қазақтың даңқы артты.

Оныншы. «Қазақстан – 2050» страте­гиясында көрсетілген экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін «Үдемелі индус­триялық-инновациялық бағдарла­масы» жасалды. Соның аясында бүкіл еліміз бойынша ондаған зауыттар мен жүздеген өндірістік кәсіпорындар ашылып, әлемге танымал жапон, корей автомо­бильдері, американдық локомотивтер шығарыла бастады. Елбасымыз өзінің 2017 жылғы Жолдауында ел экономикасындағы үшінші инновациялық жаңғыртуды бастап берді. Осыған сәйкес жаңа кәсіпорын­дармен бірге, Қазақстанға әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығаратын жаңа технология келіп, үшінші технологиялы жаңғыру басталып кетті.

Он бірінші. Ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамыды. Кеңес заманында қолдан жасап, қосып жазып жүріп, әу­пірімдеп бір миллиард пұт (16 млн тонна) астықты әрең алатын Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі реформаның нәтижесінде жыл сайын 20-25 млн тонна астықты еркін жинайтын дәрежеге жетті. Қазір Қазақстан әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы ал­ғашқы алты мемлекеттің қатарынан берік орын алды.

Он екінші. Өз дегенімен емес, тағ­дырдың жазуымен көп ұлтты мемлекет болған Отанымыз береке мен бірліктің мекеніне айналды. Елбасы қиыннан қиыс­тырып жол тауып, сан алуан ұлт өкілдерін көк тудың астына тоғыстырды. Елбасы Қазақстанды мекен еткен әр алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің тізгінін тең ұстап, бірегей мемлекеттік институт – Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Қоғамдағы орны мен құзыреті Ата заңда бекітілген бұл ұйым ел бірлігі мен халықтар достығына берекелі қызмет істеп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан әлем мемлекеттеріне үлгі-өнеге ретінде ұсынылуда.

Он үшінші. Адамзат тарихында соғыс атаулының басым көпшілігі дін үстемдігі үшін болған. Елбасы әрбір қазақстандыққа наным, сенім бостандығын берді. Алуан түрлі дін өкілдерінің басын қосып, дүние тарихында қатарынан бес рет Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының съездерін өткізіп, ежелгі Қазақ жерін дін жолындағы ізгі жандардың бата-шапағатына бөледі.

Он төртінші. Ата-баба дәстүрі мен ұлт мәдениетінің ұлы қасиеттерін жастайынан бойына сіңіріп өскен Елбасы қазақ хал­қының көне заманнан күні бүгінге дейінгі бай мұрасын жүйелетіп, «Мәдени мұра» бағдарламасын жасатты. Көне мәдениетті әлемнің ең озық мәдениеті үрдістерімен ұштастырып, Астанада Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерттік залы, «Астана опера» театры, «Астана балет» театры, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат, Ұлттық музей сияқты бірегей мәдениет нысандарын салдырды. Мұның бәрі жаңа замандағы қазақ мә­дениетін әлемдік биікке көтерді. Өзінің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында ұлты­мыз­дың рухани жаңғыруының жаңа бағытын айқындап берді.
Он бесінші. Тәуелсіздік жылдары екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құрал­дарынан тұратын ұлттық ақпарат кеңістігі қалыптасып, сандық ақпараттық техно­логиялар енгізілді. Кеңес заманында жал­ғыз телеканалға телміріп қалған қа­зақстан­дық көрермендерге қазір 70-тен астам телеканал қызмет істеуде. Ел ау­мағында Фейсбук, Твиттер сияқты әлеуметтік желі­лер еркін қызмет етуде. Осылайша Қазақ­стан жаһандық ақпарат жүйесінің бөлінбес бөлшегіне айналды.

Он алтыншы. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында жеке-дара мемлекеттік мәр­тебеге ие болған ұлттың ұлы қазынасы – қазақ тілінің қолдану аясы кеңейді. Кеңес­тік кезеңде жабылған 600 мектептің орнына 1000-ға жуық қазақ мектебі ашылып, орта білім жүйесінің 70 пайызға жуығы мем­лекеттік тілде оқытатын оқу бағ­дарламасына көшті. Тілдерді дамыту­дың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдар­ламасы жасалып, қазақ жазуын латын алфавитіне көшірудің нақты мерзімі белгіленді.
Он жетінші. Ғылым, білім саласы айтарлықтай өсіп, тәуелсіздік жылдары 500-ге жуық жаңа мектеп ғимараты са­лынды. Әлемдік университеттермен тере­зесі тең «Назарбаев университеті» ашылып, республикамыздың әрбір өңірін­де 20-дан астам «Назарбаев зияткерлік мектептері» бой көтерді. Елбасы тапсырмасымен «Болашақ» стипендиясы бойынша он мыңнан астам талантты жас шет елдердің беделді университеттерінде білім алып, бүгінде ел болашағына қызмет істеуде.

Он сегізінші. Еліміздің денсаулық сақтау саласы да айрықша дамыды. Ке­шенді «Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасы қабылданып, 100-ден астам ау­рухана мен емхана салынды. Астанада әлемдік деңгейдегі ең озық техникамен жарақтанған Ұлттық медициналық хол­динг ашылып, оның құрамындағы «Рес­пуб­ликалық диагностикалық орта­лық», «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы», «Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы», «Рес­публикалық балаларды оңалту орталығы», «Республикалық нейрохирургия орталығы» және «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» сияқты ауқымды медициналық мекемелерде ең күрделі операциялар жасалуда.

Он тоғызыншы. Елбасы жыл сайын экономикалық күш-қуаты артып, саяси беделі көтеріліп келе жатқан жетекші елдердің басын құрайтын, бүгінде әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың біріне айналған, құрамына Қазақстанмен шекаралас елдердің бәрі кіретін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудағы бастамашыларының бірі болды. Осылайша ол әлемдегі саяси күштердің ара-салмағын сақтауға үлкен үлес қосты.

Жиырмасыншы. Мемлекет басшысы­ның жеке-дара бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі де өзінің өміршеңдігін көрсетіп берді. Әуелі Ресей мен Орталық Азия елдерінің басын біріктірген бұл ұйым құрамында қазір Ресей, Қытай, Үндістан бастаған 26 мүше, АҚШ пен Жапония қостаған 8 бақылаушы мемлекет бар. Ол ХХІ ғасырда қатер-қауіп ошағына айналған Азиядай алып құрлықтағы ең қиын түйінді мәселелерді шешетін ОБСЕ-нің Азиядағы аналогы ретінде ықпалды халықаралық ұйымға айналды.

Жиырма бірінші. Елбасы туған елінің даңқын асырып, айбынын асқақтатып, Еуропа төріне шығарды. Еуропаның ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданы қоса қамтып, 56 мемлекеттің басын қосатын ЕҚЫҰ-ның төріне шықты. Күмәнсіз, қапысыз, өз абыройымен, өз беделімен шықты. Шығып қана қойған жоқ, қашан да бізді үйретумен келген кәрі құрлықтың басшыларын қазақ жеріне келтірді. Ақордаға еңкейте кіргізіп, құр­мет­пен сәлем бергізді. Әр қазақтың жү­регіне қазақ болып туғаны үшін, Алаш жұртының азаматы болғаны үшін мақта­ныш сезімін ұялатты.

Жиырма екінші. Қашан да екі тізгін, бір шылбырды қатар ұстап, алысты болжап, биікті межелейтін Елбасы дүниежүзінің 57 елінің басын қосатын Ислам конферен­циясы ұйымына төраға болды. Бұл да еліміздің абыройын асырды. Елбасымен бірге дін қарындастың рухын көтеріп, еңсесін тіктетті. Әлем халқының бір жарым миллиардтан астамын қамтитын осы ұйымның тізгінін ұстау Елбасының мұ­сылман дүниесіндегі аса биік халықаралық беделінің айқын көрінісі ретінде қабыл­данды.

Жиырма үшінші. Түркі халықтары ежелден Еуразиядай апайтөс алып құрлық­тағы басты интегратор болған. Еуразиялық одақ туралы орыс және түркі халықтарының зиялылары ежелден-ақ армандағанымен, бұл жоба да орындалусыз қалған. Осы идеяға 1993 жылы жан бітіріп, оны 20 жыл бойына табандылықпен алға жылжытқан және Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің қатысуымен құрылған посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен эко­номикалық ұйымға айналдырған – қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиырма төртінші. Қашан да ел бола­шағын ойлайтын, туған халқын әлемдік биіктерден көруді қалайтын Елбасы әлем­дегі ғылым мен техниканың, өнеркә­сіп­тің, жаңалық атаулының ең үздік жетіс­тіктерін насихаттайтын ЕХРО көрмесін 2017 жылы Астанада өткізуге қол жеткізді. Бұл – әлем жұртшылығының Қазақстан­ның бүгінгі әлеуеті мен күш-қуатына ғана емес, оның кемел келешегіне берік се­німінің белгісі.

Жиырма бесінші. Кез келген мемлекет­тің ең ұлы байлығы – халқы. Қазақ деген халық болмаса, Қазақстандай алып мем­лекет те, оны әлемге танытқан Елбасы да болмас еді. Осыдан тура ширек ғасыр бұ­рын өткен Кеңес Одағындағы ең соңғы ха­лық санағындағы дерек бойынша рес­публикамызда тұратын қазақтардың үлес салмағы 39 пайыз ғана болса, тәуелсіздік жылдары алыс-жақын елдердегі қандаста­рымызға айқара есік ашылып, өз ішіміздегі ағайынның үздіксіз өсіп-өнуге бағыт­талған Елбасының сарабдал саясаты нә­ти­же­сінде қазақтардың саны 67 пайызға дейін жетті.

Тәуелсіздік заманы – Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елінің алып кемесін өмір атты ұлы мұхиттың ашық айдындарына бастап келеді.
Қазақта «Болат қайнауда, батыр май­данда шынығады» деген қанатты сөз бар. Жасөспірім жігіт кезінен болат қорытып, шойын құйған ортада қалыптасып, саясат майданында құрыштай шыңдалған Елбасы өмірінің әр кезеңі ұлтқа – өнеге, ұрпаққа – үлгі.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен жарық көріп отырған бұл кітап Елбасының азамат, қайраткер болып қалыптасқан Те­міртау, Қарағанды кезеңін қамтиды. Автор өз оқырмандарына сирек кездесетін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат шындыққа негізделген тың деректерді ұсынады. 
Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ын­тымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз бо­лашағын айқындаған, әлемдік қауым­дастық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан, құрыштан құйған құдіреттей кемеңгер басшысы бар. Қазақ елі өзінің бүкіл дүниежүзін мойындатқан асқаралы та­быстары үшін Елбасы алдында қаншалықты қарыздар болса, Мемлекет бас­шысының қайраткер болып қалыпта­суына Қарағанды өңірінің қосқан үлесі де аз емес. Ендеше, Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұ­татын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық.

 

https://aikyn.kz/2017/07/05/19497.html 

« Кері қайту