Қазақстанда тұңғыш рет Түркі жастарының лагері ашылды

11 шілде 2017 , 18:48 · 660 қараулар

2017 жылғы 11 шілдеде Ақмола облысы, Зеренді ауданында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Халықаралық Түркі академиясы  және «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагерінің салтанатты ашылуы өтті.

Лагерьдің негізгі мақсаты – Түркі кеңесі елдерінің жастары арасында мәдениетаралық байланыс, жастар саясаты саласында озық тәжірибе мен инновациялық жобалар алмасу болып табылады.

Лагерь жұмысына Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен делегаттар, тәжірибесі мол білікті тренерлер мен аймақтардан жастар саясаты саласының мамандары қатысып, жастар саясатындағы инновациялық идеялардың іске асуы, осы саладағы Түркі кеңесі елдерінде жүзеге асырылып жатқан тиімді жобалар мен  басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Лагерьдің ашылуында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, Түркі кеңесінің халықаралық лагері қатысушыларын шараның ашылуымен құттықтап, ел болашағының құрылымын қалыптастырудағы  жастардың рөліне тоқталды. Вице-министр өз сөзінде: «Ұлттың рухани жаңғыру жобалары жастар саясаты саласында ынтымақтастық пен жастармен жұмыста жаңа әдістерді қалыптастыруға мүмкіндіктер береді. Қазақстан Түркі кеңесіне қатысушы-елдердің мәдениаралық диалогты арттыру бойынша бастамаларын белсенді түрде қолдайды. Осы орайда, жас азаматтар толеранттылық пен этностық және діни ерекшеліктерге төзімділік танытулары керек. Жастар мәдениет, бейбітшілік пен келісімді орнатуда қызығушылық танытулары маңызды» - екенін атап өтті.  

«Жас Отан» Жастар қанатының жетекшісі Данияр Сүндетбаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген негізгі бастамалармен таныстырып, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдени ескерткіштерімізді жаңғыртуда Түркі кеңесінің жастары арасында өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Шара барысында тренингтер мен пікір-талас алаңдары ұйымдастырылып, Түркі кеңесі қатысушы елдердің бейбітшілік бастамалары туралы Асқар Құмыран, әлеуметтік желі және жастар тақырыбы бойынша Асхат Садырбай және басқа да жаттықтырушылар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, бір аптаға жоспарланған лагерь жұмысы аясында мәдени-дамыту, тренингтер мен спорттық шаралар, сонымен қатар «ЭКСПО - 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне саяхат жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, лагерь ағымдағы жылдың 10-16 шілде аралығында  Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы демалыс орнында ұйымдастырылуда.

 

 

« Кері қайту