Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагері өз мәресіне жетті

15 шілде 2017 , 16:31 · 363 қараулар

2017 жылғы 15 шілдеде Ақмола облысы, Зеренді ауданында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Жас Отан» Жастар қанатыны және Халықаралық Түркі академиясының  ұйымдастыруымен Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагерінің салтанатты жабылуы өтті.

Лагерь жұмысына Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен делегаттар, тәжірибесі мол білікті тренерлер мен аймақтардан жастар саясаты саласының мамандары қатысып, жастар саясатындағы инновациялық идеялардың іске асуы, осы саладағы Түркі кеңесі елдерінде жүзеге асырылып жатқан тиімді жобалар мен  басқа да өзекті мәселелерді  талқылады.

Шараның салтанатты жабылуында сөз сөйлеген,  Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры Оспанқұлов Ғабидолла Абдоллаұлы Түркі әлемінің арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты дамыту жолындағы бастамаларды атай келе, Түркі әлеміне ортақ ұлттық құндылықтарға кеңінен тоқталып өтті.

Сонымен қатар, «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Сүндетбаев Данияр Манарбекұлы, түбі бір Түркі кеңесі елдерінің жастары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, мәдениетаралық байланыс орнатуда қазақстандық жастардың атынан кез-келген бастамалар мен жаңашылдыққа дайын екендігін жеткізді.  

Бір аптаға созылған шара барысында тренингтер мен пікір-талас алаңдары ұйымдастырылып, Түркі кеңесі қатысушы елдердің жастар саясатындағы үздік бастамалары туралы Асылбекова Лейла Өмірбекқызы, инновациялық идеяларды жүзеге асыру бойынша Бұқанова Жанар Қалиқанқызы,  және басқа да жаттықтырушылар халықаралық байланыс орнатудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Лагерь жұмысының жабылуы аясында белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Еске сала кетейік, лагерь ағымдағы жылдың 10-16 шілде аралығында  Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы «AURORA GARDEN» демалыс орталығында ұйымдастырылды. 

« Кері қайту